Биыл жазушы, драматург, публицист, аудармашы Жүсіпбек Аймауытовтың дүниеге келгеніне – 135 жыл. Мерейлі датаға орай колледж кітапханасында «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында Алаш ардақтысының өмірі мен шығармашылығына арналған дөңгелек үстел 1 курс студенттерінің қатысуымен өткізілді.
Жүсіпбек Аймауытұлы – ұлттық мүдде мен халықтың мәдени-ағарту жолында аянбай қызмет еткен тұлға. Оның көсемсөз шеберлігі мен шығармалары бүтін бір дәуірдің, тұтас бір ұлттың тағдырын айқындап көрсетті. Жазушының «Күнекейдің жазығы», «Қартқожа» және «Ақбілек» романдары қазақ әдебиетінің классикалық туындыларына айналып, бүгінгі күнге дейін оқырмандардың жүрегінен орын алады.
Аймауытовтың қазақ әдебиеті тарихында атқарған елеулі еңбектерінің бірі — әйгілі ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын жинастырып, оларды кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра етіп табыстауы болып табылады. Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасы тек әдебиетте ғана емес, қазақ халқының рухани мәдениетінде де айрықша орын алады.
1929 жылы Жүсіпбек Аймауытов қуғын-сүргінге ұшырап, 1931 жылы атылды. Оның талантының толықтай ашылып, кемел шағына жеткен тұста өмірі қыршыннан қиылды. Бұл трагедияға байланысты ақиқат сөз айту, оның асыл мұраларын бүгінгі ұрпаққа таныстыру — әрбіріміздің парызымыз. Жүсіпбек Аймауытовтың шығармалары мен өмірі – қазақ әдебиетінің алтын қазынасы болып табылады.